87212445614

Жезқазған қаласы. Қаныш Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейі

Байқоңыр ғарыш айлағы

Байқоңыр ғарыш айлағы Жезқазған қаласының маңында орналасқан (оңтүстікке қарай 300 км-дей). Сондықтан қонғаннан кейін ғарышкерлерді Жезқазғанға апарып, жергілікті әуежайдан жібереді. Дәстүр бойынша ғарыштан келгендер ғарышкерлер бульварында тамақ жеді, сондықтан ол оның атын алды. Некрасов көшесіндегі үйдің соңындағы Юрий Гагарин бейнеленген «Космос» стеласы мен панно да Жезқазғанның «ғарыштық» дәстүрін еске түсіреді.

Түсті металлургияның ошағына айналған Жезқазған жер-жаhанға сары алтындай сапалы мысымен әйгілі болуымен қатар, кейінгі жарты ғасыр ішінде ғарышқа қол созған аймақ ретінде де әлем жұртшылығына таныла бастағаны анық. Өйткені, Байқоңырдан ұшқан ғарыш кемелері мен ғарышкерлердің қайтып оралғанда табан тірейтін жері — осы өңір. Сонау заманның өзінде «Жезқазған — ғарыш айлағы» деген сөз тіркесі қалыптасты, ән-жырға өзек болды. Кейінгі кездері осы екпініміз басылып қалғандай. Оның да өзіндік себептері бар. Қаламыздың 65 жылдығы қарсаңында металлургтер мекенінің ғарышпен байланысты тұстарын еске алып өту артық болмас деп ойлаймыз.

Иә, космонавтиканың бедерлі іздерін Жезқазған қаласынан көптеп көруге болады. Қалада Тоқтар Әубәкіров атындағы Оқушылар сарайы бар. Онда космонавтика мұражайы жұмыс істейді. «Ғарыштану» үйірмесі құрылған. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлымен тығыз байланыс орнатқан. Батыр ұшқыш мұнда екі рет қонақта болған, ұлағатты сөз арнап қолтаңбасын қалдырған. Музей Самарадағы «Прогресс» ғылыми-өндірістік зымыран-ғарыш орталығымен де хабарласып, сәлем-сауқат алысып тұрады. Ал, Жезқазған облыс орталығына айналған жылы қаладағы жаңа көшелердің біріне Ғарышкерлер бульвары деген атау берілген-тін. Бүгінде қарағай мен шырша көмкерген осы сәнді бақжолдың өзіндік тарихы бар. Талай марқасқа ғарышкерлер мысты қаланың құрметті қонағы болғаны белгілі. «Байқоңыр» атын иемденген олар түсетін арнайы қонақүй салынды. Ең алғаш 1973 жылы 29 қыркүйек күні жерге сәтімен оралған Василий Лазаревтен бастап, 1991 жылы 2 қазанда ғарышқа сапар шеккен қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке дейінгі талай батырлардың табаны тиген бұл бақжолдың орны бөлек.
Қаланың көрікті жеріне айналған бақжолда әуелден бір жақсы дәстүр қалыптасқан. Келген ғарышкерлермен кездесу өткізетін алаң Ғарышкерлер аллеясына айналып, айналасына қонақтар қолымен қарағай отырғызылды. Қазір Ғарышкерлер бульварының төрінде көкке қарап бой түзеген қаншама жасыл қарағайлар жайқалып тұр. Әр ағаштың түбінде тасқа жазылған таңбадан оны қай ғарышкер, қашан отырғызғанын оқып білуге болады. Аралап қарап жүрміз. Мына бір зәулім қарағай 1973 жылы 29 қыркүйекте ғарышкер Олег Макаровтың қолымен отырғызылса, әрі қарай «Климук, Рукавишников, Быковский» деп жалғасып кете береді. Тоқтар мен Талғаттың еккен қарағайлары да бой түзеп тұр. Тоқтар Әубәкіров ғарыштан оралғаннан кейін бір айдан соң 1991 жылдың 13 қарашасында арнайы қонақ болып келгенде еккен қарағай бұл. Соның қарсаңында Батыр ұлға Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Кенді өңірдің ғарышпен байланысын мынадан-ақ көре беріңіз. Қала тарихында бүгінде 217 Құрметті азамат атағын алғандар тіркелсе, соның ішінде бұл мәртебелі атақ 56 ғарышкерге беріліпті. Ю. Гагарин мен В.Терешковаға алғашқы ұшқыш ғарышкер ретінде беріліпті, ал қалғандары тікелей осы топыраққа табаны тигендер.
Сөз жоқ, Жезқазған — ғарышқа көз тігіп, қол созған аймақ. Оның белгілері Ғарышкерлер бульварының екі жағында да мен-мұндалап көзге түсіп тұрғанын көріп жүрміз. Бақжолдың төріндегі сәулеттік композициялық стелла «Ғарыш» деп аталады. Ол 1976 жылы ашылған қаладағы бірегей ескерткіштердің бірі. Адамзаттың ғарышқа ұмтылуының белгісін айшықтайтын сәулеттік туынды жер анаға нұрын төгіп, көк аспанға көз тігіп тұр. Ескерткіш айналасында ғарышкерлер портреттерінің галереясын қою көзделген еді. Бірақ, әзірше жүзеге аспай келеді. Қазір бақжолды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мүмкін осы игі істің аясында бір шешім жасалар. Ал, осы бульвардың шығыс жақ шетіндегі Алғашқы құрылысшылар алаңында «Ғарышты бағындырушылар» монументі бар. Бұл ескерткіш 1977 жылы орнатылған. Онда бейнеленген ғарышқа бет алып, тік көтеріліп бара жатқан алып зымыран және әлемді шарлауға сапар шеккен ұшақ биіктікті бағындырудың символындай көңілге ерекше күш-жігер құяды


О квесте

Участники в ходе работы размещают в сети Интернет информацию о своей местности, населенных пунктах, улицах, достопримечательностях районов и городов Карагандинской области.