87212445614

«Эрудит» командасы Жаңаарқа ауданы О.Жұмабеков атындағы ЖОББМ 2021 жыл

Аралбай батыр

Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде Аралбай батырға еңселі ескерткіш қойылды. Тұлпар мініп, ту ұстаған батырдың мүсінін павлодарлық шебер Марат Әбілқасымов сомдаған. Осыдан бес жыл бұрын батыр­дың өнегелі де ұйымшыл ұрпақтары Аралбай бабаның 325 жылдығын лайықты түрде атап өтіп, ас берген еді. Сол жылы аудан орталығынан оның атына көше де бұйырған болатын. Ендігі кезек ескерткішке келіп, сол көшенің басына батырдың ат үстінде тұрған айбарлы ескерткіші орын тепті. Аралбай батыр ескерткішінің ашылу салтанатында айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ескі тарихтан қал­ған естеліктерді тірі­л­тіп, елін-жерін қор­ғаған ердің өмір­тари­хына жан-жақ­ты шолу жаса­ды. Бұ­дан кейін еңбек арда­гері Хамзе Сәт­жанов, жазу­­шы Ал­дан Смайыл, ақын Серік Ақсұңқарұлы және аудан әкімі Ғабдрах­ман Омаров ес­керт­кіш­тің жамыл­ғысын сыпырып, ашылу рәсімінің ырымын орындады. Сонымен қатар, ескерткіш­тің ашылу салтанатында ауыл ақсақалы Молдазайым Хишауов бата берсе, жергілікті ақын Өміржан Көп­босынов жырдан шашу шашты. Сөз сөйлеуші­лер тағылымды шара­ның ұрпақ тәр­биесінде алатын орны зор екен­дігіне тоқталып, ескерткішті орнатуға атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді. Айта кетерлігі, ескерткішке жұм­салған 11 миллион теңге қар­жы­ны батырдың ұрпақтары өз орта­­лары­нан шығарған екен. Тәрбиелік, тағылымдық мәні зор бұл шара Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына ар­нал­ды. Расында да, Аралбай ба­тыр­дың ел шетін ата жаудан қор­ғап, қазақтың жерін а­ман сақтап, бү­гін­гі ұрпаққа аманттап кеткен ер­лер­дің қатарынан екендігі ата тарихтан мәлім.

Азаттық жолында құрбан болған батырдың қайсар қасиеттерін ұрпақтары бүгінде ұлағатты ұстынға балайды

Бағзы заманның заңғар тұлғасы Аралбай батыр 1685-1778 жылдар аралығында өмір сүрген. Аты алты алашқа мәшһүр сайын даланың сардары Жоңғарларға қарсы шайқаста жауға тойтарыс беріп, меңменсіген дұшпанның тірескенін тізе бүктіріп, сынасқанын сірестіргені әмбеге аян.

Аралбай Әлібекұлы Қанжығалы Бөгенбайдың серт беріскен, сенімді серігі болған. Аңыз даланың абызы 1726-1729 жылдары Бұланты мен Аңырақай шайөастарында өжеттіктің қайталанбас үлгісін көрсете білген, Нияз бен Байғозы батырлардың ақылшысы болған.Тарихи тұлғаның өжеттілігіне тамсанған Төле бидің өзі ақ батасын берген.

Салтанатты шараға жиналған халықтың қарасы қалың. Ауданның қақ төрінен орын тепкен, төрт тұяғы жер тарпыған, ай қанатты арғымаққа қонған бабаның тау тұлғасы алыстан айбарын танытып, рухыңызды асқақтататыны сөзсіз.Ескерткіштің биіктігі он метр. Тұғыры мәрмәрдан құйылған.
Бес қаруын асынған бабаның бейнесі, үстіне киген тоғыз қабат сауыты, қолындағы шашақты найзасы мен басындағы дулығасы батырдың айбары мен қайратын тынытып тұр.

Келешекте ұрпақтары тарихи мүсіннің маңайын абаттандырып, жан-жағын темір шарбақпен қоршамақшы.

Ел ағалары ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, батыр рухына тағзым етті. Салтанатты шараны айтыскер ақындардың арнаулары айшықтай түсті.

Арқаның арқалы азаматтары бабасының рухына арнап ұлан асыр ас берді. Бірер жыл бұрын Жаңаарқа ауданының орталығында Аралбай Әлібекұлының атына көше де берілген болатын.

Автор — Рахым Нұрай, Әбілдина Ділназ, жетекші Аманкелдінов А.Ғ.

 

1932-1933 жылғы ашаршылық құрбандарына тағзым ескерткіші

Бұл ХХ ғасырда қазақ халқы­ның басына түскен ұлттық апаттың бірінші кезеңі еді. Екінші кезең Қазақ Республикасында 1921–1923 жылдары орын алды. Оның да басты себебі – жергілікті халықтың отарлық қанау салдарынан кенеуі кете баста­ған дәс­түрлі шаруашылығын әуелі азамат соғысы, одан соң орталықтың азық-түлік жинау жасақтары одан әрмен күйзелтуінде еді. Қазақ халқы сол шақтағы жалпы санының тағы да бір ширегін жоғалтты.

Қазақ қайраткерлері ұлттық межелеу нәтижесінде екі өлкедегі жер-суы мен халқы бірігісімен, ашаршылықтың Үлкен Қазақстанда қайталануына жол бермейтін амалдарды қарастырған. Ресей Компартиясы Қазақ обкомының 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағудың көшпенді түрі – егін егуге қолайсыз даланы шаруашылық кәдес­іне асырудың бірден-бір ықти­мал тәсілі ретінде мойындалды. Сон­дықтан да жайылымдарды сулан­дыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқы­мын асылдандырып, құрамының сапа­сын жақсарту үшін көшпенді халық­қа кең көлемде несие беруді аса маңызды шара деп тапты.

Сөйтіп Қазоб­ком пленумы ауылшаруашылық несиелерін ауылға тікелей бағыттау, кооперацияны күшейту жайында тиісті шешім шығарды. Кең даланы игерудің бірден-бір тиімді жолы – көшпенді мал шаруашылығын дамыту екенін қаулысында атап көрсетті. Мал бағуды ынталандыру, оны одан әрі өркендету үшін арнайы қаржыландыру, өнімдерін тиімді жолмен қалаларға тасымалдап тарату әдістерін, халықты жерге орналастыру реттерін қарастырды. Бұл мәселелер бойынша іргесі кеңейген республика Кеңестерінің Ақмешіт­тегі 1925 жылғы сәуірде өткен тұңғыш съезінде жан-жақты ойластырылған қарар­л­ар қабылданды.

Алайда олардың орындалуы­на Мәскеу кедергі келтіре берді. 1925 жыл­ғы қыркүйекте Қазақстанды бас­­­қаруға келген БК(б)П Орталық Коми­т­етінің эмиссары Филипп Голо­щекин тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктаторға айналып, ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қол­дану арқылы жоққа шығарумен шұ­ғыл­данды. 1927 жылғы БК(б)П XV съезі шешімі бойынша елдің ауыл шаруашылығы 1932 жылдың көк­теміне дейін жеке қожалықтардан ұжымдық шаруашылықтарға айналып үлгеруге тиіс еді.

Партия алға қойған осы міндетті орындау үшін, 1928 жылғы 27 тамызда Қазатком жар­ты­лай феодалдарды тәркілеу туралы арнайы декрет шығарды. 1928 жыл­ғы 13 қыркүйекте тәркілеуге қар­сы­лық көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және байларды жер аудару туралы қаулы қабылдады. Тәркілеу соңынан «Алаш ісі» атанған саяси репрессиялар басталып, «кеңес өкіметінің қас-дұшпандары» деп танылған алаштықтарды түрмеге жапты. 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және кулактар мен байларға қарсы ымырасыз күресуді көздейтін қаулы қабылданды.

Халыққа қисынсыз ауыр салықтар салынды. Тәркілеу мен ұжымдастырудағы солақайлықтар салдарынан республиканың әр жерінде үш жүзден астам халық көтерілісі туды, олар әскери күшпен басып-жаншылды. Соның бәрі ел-жұртты жаңа апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931–1933 жылдары көшпенді халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы жеткендер басқа өлкелерге босып, шетелдерге өтіп кетті. Мал басы он шақты есе азайды.

30-шы жылдардың басында аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күй­зелістері жайында жер-жерден же­ке­­ле­ген азаматтар Мәскеуге, Ал­ма­­т­ы­ға жеделхаттар жөнелтті. Ф.Голоще­­­­кин­нің атына 1932 жылғы 4 шіл­де­де өлкекомның жауапты қыз­­мет­­кері Ғабит Мүсірепов, Қазмем­­бас­­па меңгерушісі Мансұр Ғатау­лин, Комвуз басшылары Мұташ Дәулет­ғалиев пен Емберген Алтын­беков, Госпланның сектор меңгеру­шісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған еді). Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды.

Ақтөбе вокзалында, жиналған қалың жұрттың көзінше, 72 жастағы зейнеткер Бақытжан Қаратаев қазақ коммунистерінің көсемі Голощекинге ашаршылық үшін айыптаған ауыр сөздер айтып, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне респуб­ликаның бірінші басшысы ретінде жауапты екенін жұртшылық алдында бетіне басты. Алайда артында қалған жазбаларында алапат ашаршылыққа жалғыз Голощекин емес, оның айна­ласындағы қазақ қайраткерлері де айып­ты деп түйді.

Солардың бірі Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат тапсырған-ды. Онда ол өлкеде орын алып тұрған ахуалды ашық баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиын­дықтан шы­ғаратын шаралар ретіндегі ұсы­ныс­тарын тұжырымдады. Соны­мен бірге орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» Ф.Голощекин отыр­ған­да – республикадағы ауыр «жағ­дай­ды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды.

Ол Голо­щекинді Қазақ партия ұйымының жетек­шілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі тікелей ашық талап етті. Сонымен бірге қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланыс­ты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Өтінішінің бұл бөлігі қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабыл­даған қаулысына негіз етіп алынды.

Қаулының жүзеге асырылуын тиімді жүргізуді көздейтін бірқатар ұсынысын РКСФР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталин­ге жолдаған баянхатында айтты. 1933 жылғы 24 ақпанда Бас хатшы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л. Мирзоянның атына Мәскеуде оқитын «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Ай­басов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жан­досов) жіберілді.

Онда 300 мыңнан астам қазақ отбасыларының Сібір және Орта Азия темір жол станция­ларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов Сталинге Қазақстандағы ашар­шылық зардаптарын жою жөнін­дегі баянхатын жолдады.

Қазақстанның жаңа басшылығы республикадағы 162 ауданның ішінде­гі ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүр­гізді. Өкімет өкілдері Ораз Жан­досов пен Жанайдар Садуақасов баста­ған құтқару комиссиясы көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен Сарысу ауданның үштен бірі ғана аман қалған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгерту және отырықшылық жағдайдағы экономикасын жандандыру орайында көп жұмыс атқарды. Босқындарды елге алып келу үшін автономиялық үкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды.

Монархия құлар қарсаңдағы алты миллиондай қазақ саяси сілкіністерге толы он алты жылда үш есеге жуық кеміді. Ұлттық Апаттың аталған үш кезеңінде тікелей төрт жарым миллиондай, ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда, он миллиондай адамнан айрылды. Негізгі халқының саны мен дәстүрлі экономикасының мәнін құрайтын мал басының мөлшері ашаршылық жылдары күрт түсіп кеткен Қазақстан 1936 жылғы 5 жел­то­қсанда қабылдаған сталиндік конс­титуция бойынша, Ресейдің құра­мын­­дағы автономиялық республикадан КСРО құрылтайшыларының бірі санатындағы «тәуелсіз мемлекет» мәртебесіне көтерілді. Бұл – боль­­ше­визмнің қазақ халқына қар­сы жа­саған мемлекеттік қылмы­сын өте сәтімен бүркеген шара еді.

Одақ­тық республика болу арқылы 1991 жылы тәуелсіз­дікке қол жеткіздік. Демек біз ашар­шы­лық құрбандарына мәңгі борыш­ты­мыз. Осыны түсініп, сол мил­лион­даған аруақтарға тағзым ету, Ұлттық Апаттың себеп-салдарын, ащы шындығын жан-жақты ашу, тәуел­сіздік жарияланған бетте Жо­ғарғы Кеңес құрған арнайы комис­сия­ның ұжымдастыру жылдары көш­пен­ділерге геноцид жасалғаны жайын­дағы тұжырымын көтеру, оған тиісті тарихи, заңи, саяси бағасын беру және осы ащы шындық айтылған қазақтың қасіретті тарихы арқылы күллі қазақстандықты тәрбиелеу – парыз, ол елдің бірлігін, тұтастығын нығайта түсетін болады.

Автор — Айтбайұлы Шынболат, жетекші Аманкелдінов А.Ғ.

 

Ғалия Тілеуқызы ескерткіші

Ғалия 1874 жылы туған, яғни Балуан Шолақтан он жас кіші. Егер екеуінің кездескен уақытында Ғалияның жасы 22–23-терде болса, онда ол 1896–1897 жылдарға дөп келеді. Демек «Ғалия» әні де сол шамада туған. Әннің қазақ елін шарлап кеткен жеңісті шеруі сол шақта, екі ғасырдың тоғысында орын алған… Балуан Шолақтың аса атақты әндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды әуенімен және нәзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл ән Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі  санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке әйгілі тамаша әннің толықсыған кейіпкері жайында Сәбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерттеушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22–23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат ән туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың  1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады.  Кейінгі жылдары Астана қаласындағы ескі мұсылман қорымына жерленген Ғалияның  бейіті табылған. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі шығыс жазуларын  оқуды меңгерген жас мамандар  Ұларбек Дәлейұлы мен Ахат Әшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 жылы 23 апрельде…  Ғалия Ғалымжамағаты Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға» өткені қашалып жазылыпты

Автор — Әбілдина Ділназ, жетекші Аманкелдінов А.Ғ.

Сакен Сейфуллин саябағы


Сәкен (шын аты Садуақас) Сейфоллаұлы 1894 жылы 23 мамырда Ақмола облысы, Ақмола уезінің Нілді болысында — Нілді мыс қорыту заводына таяу жердегі қазақ ауылында туған. Қазіргі әкімшілік бөлік бойынша бұл жер Қарағанды облысының Жаңарқа ауданына қарайды.

Сәкеннің шыққан ортасы шағын дәулетті болған. «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында ақын оқи бастағаннан Нілдіге, Ақмолаға баратын көлік табылмай, әркімнің артына мінгесіп қатынасқанын, Омбы лагерінен қашып келгенде Түрікстанға қарай өтуге ат таба алмағанын күйініп жазған. Оның балалық шағы өз ауылында өтеді. Ауыл молдасынан оқып, аздап хат таниды.

«Әкей орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды арман қылып сөйлеп жүрді»,- дейді Сәкен Сейфуллин. Осы ниетпен Сейфолла баласын 1905 жылы Нілді заводына оқуға жібереді. Алғашқы бір жылда кісі үйінде жалдана жүріп, орысша үйреніп, одан кейін жылдай ол заводтың орыс-қазақ мектебінде оқиды. Завод өмірімен танысу, жұмысшылар балаларымен бірге оқып, олармен араласу жас Сәкеннің қоғамдық өмірдің әділетсізіктерін көріп тануына жол ашады. «Менің екінші түрлі «оқуым» Нілді заводының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды», «екінші сабақ ұсталардың дүкен үйінен аласұрып жұлқынған машина түрінен жер астында жұмыс істеп шығатын шахта, кен жұмыскерлерінің жатақ, тұрмыс күйінен завод үстінде тас көмір, көктас кен үйген жұмысекерлердің тіршілік күйлерінен алған сабақ көңілге нық орнаған «тоқу» болды» дейді ол. (Сонда, 40-441-беттер). Осында жүріп Сәкен Нілді заводы жұмысшыларының патша өкіметіне қарсы 1905 жылдың желтоқсанында өткен ереуілін көреді.

Еңбек адамдарының ортасында болып, олардың өмірдің әділетсіздікке қарсы күресін көріп болашақ ақынның таптық ой-санасының ерте оянуына әсер етеді. 1908-1913 жылдары Сәкен Сейфуллин Ақмола (қазіргі Нұр- Сұлтан) қаласында әуелі приходская мектебінде, кейін үш класты қалалық училищеде оқиды. Бұл жылдары ол орысша білімін толықтырып, орыс әдебиеті кітаптарын оқиды, Ақмола маңының әнші-күйшілерімен танысады. Сонымен қатар алыс ауылдардан оқу іздеп келген қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді.

1913-1916 жылдар арасында Сәкен Сейфуллин Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Бұл жылдары оның әдебиетпен әуестенуі арта түседі. 1914 жылы Қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылады. Сәкеннің қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына Омбы дәуірі ерекше ықпал етеді. Мұнда ол студенттердің «Бірлік» атты ұйымының жұмысына белсене қатысады. Әуелі ағартушылық бағыт ұстаған бұл ұйым бірінші империалистік соғыс пен революциялық күрестің өрлеу дәуірінде саяси мәселелерге де араласып, өз көзқарастарын айқындайды.

Омбыда Сәкен орыстың революционер жазушысы Феоктист Березовскиймен танысады, В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, Н. А. Некрасов кітаптарын М. Горький шығармаларын оқиды.

Омбы семинариясын бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин Ақмола уезіндегі Сілеті-Бұғылы деген жердегі ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. Осында жүріп ақын 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерілісін қарсы алады. Көтерілісшілерге тілектестік білдіріп, өлеңдер жазады.

Сәкеннің қоғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталады. Патша өкіметін құлатқан Ақпан төңкерісінен кейін-ақ ол Ақмола қаласына ауысып, саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Сол жылдың көктемінде құрылған Қазақ Комитетінің төрағасы болып сайланады. Онда төңкерісшіл-демократияшыл зиялылармен бірігіп, қазақ әйелдеріне бостандық беру, бұрынғы әкімдерді ел билеу қызметінен босату, еңбекші халық өкілдерін іске тарту, дін иелерінің құқын тежеу сияқты шараларды іске асырады. Сәкеннің қатысуымен Ақмола жастары «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығарады. 1917 жылдың желтоқсанында Ақмола Совдепі құрылғанда Сәкен Совдептің президиум мүшесі және уездік ағарту комиссары болып тағайындалады.

1918 жылы маусым айында патшашыл ақ қазақтар мен чехословактардың контрреволюциялық көтерілісі кезінде Ақмолада кеңес өкіметі құлап, Сәкен бір топ жолдастарымен революция жауларының қолына түседі. Ол «қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатерлі адам» деп табылады да, басқа да тұтқындармен бірге Қызылжар түрмесіне айдалады. Атаман Анненковтың «азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде тоғыз айға созылған ауыр азапты шегеді. Тек 1919 жылдың наурызында ғана Сәкен Омбының тұтқын лагерінен қашып шығады. Дүйсембі деген жалған ат жазылған құжатпен ол Павлодар, Баянауыл арқылы өзінің туған еліне келіп, Түркістанға өтеді. Әулиеата (қазіргі Тараз қаласы) Совдепінің көмегімен Сарысу, Шу өзендері бойындағы елдері советтендіру жұмысына қатысады.

1920  жылдың көктемінде Сәкен Сейфуллин Ақмолаға қайта оралып, Колчак үстемдігі құлаған қалада кеңес жұмысын жандандыруға араласады. Ол уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейді. Сол жылдың жазында қазақтың Автономиялық республикасын жариялайтын құрылтай съезіне дайындалу кезінде Сәкен Сейфуллин қазақ өлкесі бойында құрылған ревкомның құрамына кіреді. Құрылтай съезінде бірінші сайланған Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі болып өтеді.

Коммунистік партия мен кеңес өкіметіне сеніп, оның жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққан Сәкен Сейфуллин тарапынан саясатты бұрмалаушылықтар мен әділетсіздіктер көрген тұста, өзінің ойың сезімін іркіп қалған емес. Әрқашан пікірін ашық білдіріп отырған. Ол «Ұлттардың өзін-өзі билеуі» деген Ленин қағидасына сенді. Сондықтан Қазақстанда ұлт өкілдерін «ұлтшылдықпен» айыптап қорқытқысы келгендерге ашық наразылық білдірді. 1923 жылы Қазақстан партия ұйымының III конференциясы тұсында Сәкен бастаған 14 коммунистің РКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Е. Ярославскийге жазған хаты осыны дәлелдейді. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы болып жүрген кезінде қазақ тілін мемлектеттік тіл етіп жариялау, мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ тілінде кітаптар, газет-журналдар шығаруды ұлғайту мәселелерін күн тәртібіне қойып, шешімдер қабылдатқан. Бұрын «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» екенін дәлелдеп, мақалалар жазып, осы қателікті түзетуге себепкер болды. 1925-1933 жылдары Қазақстан партия ұйымын басқарған Голощекин саясатын ашық қарсы болғандардың бірі — Сәкен. Қазақстанда әр кезде болған ұлт саясатының бұрмалануы ақынның көркем шығармаларында да («Совет баласы», «Отарбаның жұмсақ вагонында», «Қызыл ат», «Біздің тұрмыс», т.б.) суреттелген. Сондықтан орталықтан келіп ел басқарушылар «шыншыл», «қыңыр» Сәкенді жақсы көрмеген. Оны әрдайым сынап, «партиялық тазалаулардан» өткізіп отырған. Ақыры 1937 жылы «халық жауы» есебінде тұтқындады. Ақын 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түрмесінде, кеше өзі орнатысқан өкіметтің қолынан атылды.

Автор — Бауыржан Нұрай, жетекші Аманкелдінов А.Ғ.

 

 

О квесте

Участники в ходе работы размещают в сети Интернет информацию о своей местности, населенных пунктах, улицах, достопримечательностях районов и городов Карагандинской области.