87212445614

«№1 Ұлытау ЖОББМбТМ(РО)» КММ (Алтын Орда-750)

Ұлт ұясы — Ұлытау

Ұлы дала Ұлытау жерлері — киелі қазына мен құдіретті мұраға бай. Сол себепті, өлкемізді туристік бағыт бойынша түсіндіруді жөн көрдік. Үш жүздің басын қосқан «Бірлік монументінен» басталып, Ұлытау ауданының көрнекі жерлерімен(Ұлт шаңырағы — Ұлытау, Хан алаңы, «Ұлытау» тарихи қорық мұражайы, «Бес арыс» аллеясы, «Ғасыр терек» тарихи орны, Б.Бұлқышев пен М.Иманжанов ескерткіші, «Кетбұға баба» ескерткіші, «Асан қайғы» ескерткіші) жалғасын тауып, елімізді туристтік бағытта әлемге танытқан киелі орындарды зерттедік(Ембұлақ қорғаны, «Гүлсара ана» шипабұлағы, Әулиетау шыңы, Едіге тауы, Хан ОРДАСЫ).

«…Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Әр адамның санасында өз қарашаңырағы, Отаны, Атамекені жарық дүниенің кіндігіндей сезіледі. Ұлттық мәдениет, туған халықтың әдет-ғұрпы содан бастау алады. Қазақтар үшін сондай ата-баба мекені- ҰЛЫТАУ. «Ұлы», «тау» деген- қазақтың төл ұғымы. Оның ұлылығы тек атының халық арасында әйгілі болуында ғана емес, ұлт тарихындағы қазақ руларын біріктірген аса ұлы оқиғалар туғызған тарихи мәнділігінде.
Өлкемізде Ұлытау (1134 м), Едіге (1064 м), Жақсы Арғанаты (757 м), Айыртау, Кішітау, Қызылтау т.б көптеген шоқылы таулар көптеп кездеседі. Оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде Арал маңы құмы, Қарақұм, Мибұлақ, Мойынқұм, Жетіқоңыр құмды жерлері орналасқан. Аудан климаты күрт континнентальді, қысы қатты, қарлы, орташа температурасы 20-25 С, жазы ыстық, құрғақ орташа температурасы 25-30 С.
Жануарлар әлемі де әр түрлі. Бұнда киіктер, қасқырлар, қояндар, қабандар, еліктер, суырлар, түрлі жыландар, кесірткелер және басқа да жәндіктер мекен етеді. Құстардың да әр түрлері кездеседі: аққулар, бүркіттер, үкілер, жабайы қаздар, тырналар, құрлар мен тағы басқалары.
Ұлытау тауларында Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабіна» енген аршалар, сирек кездесетін ақ қайыңдар, өсімдіктер көптеп кездеседі.
Су ресурстары өзен салалары болып табылады. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Сарыторғай, Үлкен Жезді, Білеуті, Қараторғай, Сарысу өзендері аудан бойынша үлкен өзендерге жатады. Ауданда орташа тереңдігі 1-1,5 м болатын Барақкөл, Қоскөл, Құмкөл, Ащыкөл көлдері бар.
Туған өлке Ұлытауда 15398 адам тұрады. Оның ішінде 642 адам басқа ұлт өкілдері. Халықтың ең тығыз орналасқан жері-аудан орталығы Ұлытау мен Жезді кенті.
Ұлытау жері пайдалы қазбаларға өте бай. Мұның себебі жер көлемінің үлкендігінде ғана емес, оның геологиялық құрылымына да байланысты. Бұл өлкенің жер асты байлықтары бағзы замандардан бастап ақ белгілі болған. Жезқазғандағы әлемге әйгілі мыс кеніші біздің жыл санауымыздан 10 ғасырдай бұрын жұмыс істеп тұрған.
Көне тарихтың әлі де болса ашылмаған сырларын бүгіп жатқан тарихи астана Ұлытаудан дарынды, қабілетті мәдениетті, алып тұлғалар өсіп шықты Оларды атап айтатын болсақ Қ.И.Сәтбаев, Ә.Х,Марғұлан, Ә. Қазақбаев, М.Қ.Қаратаев, А.Абдуллин, Ө.А.Байқоңыров, К.С.Смайылов, Б.Бұлқышев, М.Иманжанов, Т.Шарманов, М.Алтынбаев т.б.
Ұлытау өңірінің аса бай тарихи-мәдени ескерткіштерін, қайталанбас табиғат байлықтарын қорғау мақсатында Үкіметтің 1990 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы құрылды. Бұл мемлекеттік мекеме осы аймақтағы 700-ге тарта тарихи, археологиялық және сәулеттік ескерткіштерді зерттеу, жөндеу-жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Осы ескерткіштердің 13- Республикалық қалғандары облыстық және жергілікті маңызға ие деп танылған.
Жербедері және табиғат зоналары.
Ұлытау өңірінің жер бедері оңтүстік-батысқа қарай бірте-бірте аласыра бастайды. Аудан жерінің ең биік нүктесі – Ұлытаудағы Ақмешіт шыңы. Оның биіктігі – 1134 метр. Аудан аумағының ең аласа алқабы – Қарсақбай қыратының оңтүстңк биіктігінде жатқан Мыңбұлақ ойысы. Оның өзі теңіз деңгейінен 100 метр шамасында жоғары жатыр. Ойыстың сыртқы көрінісінде ғажап ерекшеліктер көп. Оның айнала шекарасы биіктігі – 50-170 метр аралығындағы тік шарбақтармен қоршалған. Табан алқабында пішіні конусқа ұқсас биік (15-20 м) төмпешік төбелер жатыр. Олардың ұшар басынан бұлақ суы атқылап тұрады. Мыңбұлақ аталуы осы бұлақтардың көптігінен шыққанға ұқсайды.
Агроклиматтық ресурсы.
Шұғыл континенталды ауа райы қалыптасқан аймақ болғандықтан Ұлытау өңірінде Сібірдің сақылдаған аязы мен Орта Азияның ауыз аштырмас аптабы тоғысып тұрады. Ұлытаудың қысы қатаң, жазы ыстық. Жаздағы орташа температура +22оС болса, қыста бұл көрсеткіш -22 оС тең. Аудан бойынша ең суық ай қаңтар, бұл айда орташа температура – 14 -16 оС болғанмен, абсалюттік минимум – 42-50 оС дейін төмендейді. Жыл бойындағы ең ыстық ай – шілде, оның орташа температурасы +19-25 оС, алайда абсалюттік минимум (ең жоғары температура) +38+46 оСдеңгейді көрсетеді. Осыған сай ауа температурасының жылдық ауытқуы (ең төменгі және жоғарғы температуралар қосындысы) — 96 оС.
Су қоры.
Құрлықтың ортасында, Еуразия кіндігінде орналасқандықтан Ұлытау ауданының ішкі суы тұйық алабта жатыр. Тек Терісаққан өзені ғана Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын өзендердің саласы болып табылады. Сулары жазда тартылып, кесіліп қалса да, Ұлытаудан бастау алатын өзендер көп. Алпыс төрт сала Торғай мен отыз төрт сала Кеңгір өңір халқының суға деген қажетін өтеп отыр. Сондай-ақ аудан аумағында үлкенді-кішілі, ащылы-тұщылы көлдер де аз емес. Ұлытау жерінің өзендері қар, жер асты суларымен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Өзен арналары негізінен қар еріген кезде толығып тасиды. Су тасқыны сәуірдің екінші, мамырдың бірінші жартылары арасында болып өтеді. Осы кезде өзендердің жылдық су қорының 80-90 пайызы ағады. Өлкедегі ең үлкен өзен – Қаракеңгір. Оның ұзындығы – 350 км, алқабының ауданы – 16700 км, орташа жылдық ағын мөлшері секундына 2,1 текше метрге жетеді. Терісаққан өзені Желдіадыр тауынан бастау алып, әрі қарай көршілес Ақмола, Қостанай облыстары аумағымен ағады. Ұлытау жерінде жағалары тік, тау шатқалдарының арасы болып келеді де, әрі қарай Теңіз-Қорғалжын ойпатынан өткеннен соң, аңғары кеңейе бастайды.
Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі.
Ботаникалық зерттеу мәліметтері бойынша Ұлытауда 970 өсімдіктің түрі есепке алынған. Оның 92 пайызы шөптесінді, 7 пайызы бұталы, қалған 1 пайызы ағаштар болып келеді. Бетпақдалада 306 түрлі өсімдік өседі.
Бұл өңірде көпжылдық өсімдіктерден тырсық, боз бетеге, тарақ бидайығы, сирек бас жусан, қара жусан, сұр жусан, көкпек, тұзды жерлерде сораңның көптеген түрлері және өзен алқаптары мен көлдердің жағалауларында бидайық, ақмамықтың бірнеше түрі, ши мен су оты өседі. Сазды, кебірлі шөлдерде сұр және қара жусанның көптеген түрлері өседі. Сортаң алаптарға, сор жағалауларына бұйырған, көкпек, сарсазан, ақсораң, бұзаубас сораң секілді өсімдіктер шығады. Ірі өзендердің аңғарлары бойында өте сирек тоғайлар сақталған. Оларда итмұрын, тал, жиде, қараған, тобылғы, долана, жабайы қарақат өседі. Ұлытау, Кішітау тауларының беткейлеріне арша, бөктерлеріне шоғыр-шоғыр қайың-терек шығады. Тоғайлы, көлеңкелі жерлерге дала қоңырбасы, қандыгүл, жалаң сабақ көкнәр, бұдыр масақ сияқты шөптесінді өсімдіктер қаулап өседі.
Ұлытау-Жезқазған аймағын жүзден аса сүтқоректі, 250-ге жуық құс түрі мекендейді. Жер бедерінде табиғи тосқауыл болмағандықтан, жануарлар көршілес жатқан аймақтардан ауысып келе береді.
Ертеректе Ұлытау өңірін бұлан, сілеусін, арқар, құлан сияқты жануарлар мекен еткен. Алайда олар адамдардың етіне, терісіне және т.б. бола ретсіз қырып-жоюынан биологиялық түр ретінде қайта оралмайтын болып жоғалды. Құланның мың басқа жуық табыны Ұлытау мен Бетпақдала арасында 1880 жылдарға дейін тіршілік еткені жайлы мәлімет бар. Арқар тіпті беріректе жойылды. Бүгінде олардың тағдыры ақбөкендердің (киіктердің) басына түскен тәрізді. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын Сарыарқа сілемдері мен Бетпақдала белдерінде жыртылып айрылатын сан мыңдаған табындардан көңілге медет болатын тұқым ғана қалды. Оларды қорғап, басын көбейту – күн тәртібінде тұрған кезек күтпейтін мәселе.
Бұл аймақтың таулы өңірлерінде жартас сұлыкеші, тау шекілдегі, шымшық, сарыторғай, құр және т.б. жануарлар мен құстар кездеседі. Көлдерінде қоңыр қаз, бізқұйрық, барылдауық үйрек, қасқалдақ, аққу сияқты құстар ұя салып, балапан басады. Үлкен көлдерде кәсіптік маңызға ие су құндызы (ондатра) жерсіндірілген. Олардан алабұға, ақбалық, табан, сазан, шортан, жайын және т.б. балықтар ауланады.
Рекреациялық ресурстары.
Ұлытау – ежелгі заманның көне сырларын ішінде бүккен шежірелі өлке. Ол ежелгі де әр алуан әдемі ескерткіштерінің көптігімен кім-кімді де тәнті етеді. Өзінің ғажайып сұлулығымен, құнарлығымен бабаларымызды ынтықтырған қасиетті жерден палеолит, неолитдәуірінің туындысы – алғашқы адамдардың мыңдаған еңбек құралдарын әр бұлақтың маңынан, көгалды жазықтардан кездестіресіз.
Тарихи орындар:
1.Әулиетау шыңы
Ұлттың тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы Ұлытаудан бастау алады. Қазақ үшін Ұлытаудың орны ерекше. Рухани әлемнің кіндігі, Ұлытаудың жүрегі – Ақмешіт әулие (Әулиетау) шыңы. Бұл тауды Тәңір өзі таңдаған. Аңыз бойынша Әулиетау шыңы – аспанға жақын, аспан мен жердің бір-бірімен түйісетін орны. Сондықтан да, ежелден тау киелі жер, тұрақты әрекет үстіндегі киелі күштердің ордасы, адамзаттың табиғатпен нәзік деңгейде байланысқа түсетін қасиетті орны болып саналған. Сол себепті, Ұлытауға тәу етушілер қатары ешқашан толастаған емес және толастамайды да.
2. Ембұлақ қорғаны
«Гүлсара» ембұлағы – ауыл шетінде, тау етегінде өсіп тұрған қайынды орманның бастауы. Ертеден емдік қасиеті бар, шипалы бұлақ. Емделушілер бұлақ суын ішек, асқазан, бауыр, бүйрек аурулырына шипа ретінде қолданады.
3.Едіге тауы (1362-1419)жыл.
Едіге-аты көпке мәлім, халықтың тарихи санасында үлкен із қалдырған тұлға. Руы- парсы деректері бойынша маңғыт, араб жылнамасы Ибн-Арабшах зертеуі бойынша- қоңырат. Едіге Алтын Орданы 1397 жылдан 1413 жылға дейін билеген. Москва, Киев княздықтарына ойран салып, салық жинап отырған. Ал 1419 жылы жараланып, көп ұзамай қайтыс болып, Ұлытауда жерленген. Жерленген тау «Едіге тауы» деп аталады.
4.Хан Ордасы
Ұлытаудың түбіндегі Хан Ордасында алғаш Алаша одан кейін Жошы хан көтерілген жерде кейінгі барлық хандар ел билеудің ресми салтанатын өткізіп отырған. Ертеде хандарды таққа отырғызарда алдымен әр тайпадан бір-бір өкілден сұлтан, билер сайлаған. Олар бір жыл бұрын халыққа ай, күнін жылын айтып жауабын жариялаған. Бозқасқа сойып, қолын халық бірлігі үшін деп қанға батырған. Сөйтіп, ханды ақ киізге отырғызып, Алаша хан мазарына мінбіріне көтерген. Содан кейін Хан ордасындағы шатырына кіргізіп, алтын таққа отырғызып, қолына хан таяғын берген. Содан кейін ғана хан атанған.
Ұлытауда «Хан Ордасында Әбілхайыр 1428 жылы таққа отырғызылды. Кейін одан Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын бөліп жетті. Олардың да таққа отыру рәсімі осы жерде өтіп, Таңбалы таста Асан қайғы батасын берген. Одан кейін, 1510 жылы Қасым хан осы жерде таққа отырып, Ұлытауды қыстап, жазда Әбілхайырдың ұрпағы Шайбаниға соққы бергені туралы Қазақстан тарихы оқулығында жазылған. 1841 жылы қыркүйекте қазақтың соңғы ханы Кенесары болған. Кенесары ханнан кейін Алаша хан күмбезінің мінберіне мемлекеттің бірінші басшысы көтерілген емес. Қазақстан егеменді ел болды. Араға 560 жыл салып көк байрағын қайта көтерді. Кенесарыны хан көтергенсол бір тарихи оқиғадан 152 жыл 8 күн өткеннен кейін, 1993 жылы қыркүйек айының 15-ші жұлдызында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлытауға келіп, Алаша хан мінберіне көтерілді, Хан ордасында болды.

Селодағы экскурссия бағыты 8 шақырым. Саяхатты қоса алғанда жолға жұмсалатын уақыт 5 сағат. 3 шақырымы – дала жолы. Қалғаны көтерме жол және асфальт.
1. Ауыл орталығында орналасқан Хан алаңы саябағындағы қазақ хандарына арналған ескерткішті тамашалап және сол қатарда тұрған «Ұлытау» қорық-мұражайының экпозициясының тарихи жәдігерлермен танысады.
2. «Бес арыс» аллеясы орталықта орналасқан. Бұл жерден Алаш жұртының арыстарына арналған ескерткіш мүсіндері көріп тамашалауға болады.
3. «Ғасыр терек» тарихи ағашы Иманжан көшесінде өзен бойында орналасқан. Аңыз, деректерге сүйенсек, бір ғасыр жасаған бұл терек ағашына ертеде белгілі тұлғалар атын байлап, өзеннен су ішіп, етегіне отырып тыныстап дем алатын болған.
4. Б.Бұлқышев пен М.Иманжанов ескерткіші Абай көшесінің бойында. Ұлытау түлектері Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов қимас, айрылмас дос болған. Баубек – көсемсөзші, жазушы, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. Мұқан Иманжанов – жазушы.
5. Кетбұқа ескерткіші Абай көшесі бойында орнатылған. Кетбұқа — XII-XIII ғасырларда өмір сүрген тұлға. Ел билеудегі даналығы мен көреген қолбасшылығы сай, болмысына құдіретті сөз бен киелі күй дарыған кемел жырау, ел қорғаны.
6. Асан қайғы ескерткіші «Қыз емшек» тауының етегінде Асатов көшесінің шетінде орналасқан. Дала философы, Асан қайғы бабамыз елді, жерді кезіп жүріп, Ұлытауды «Жер ұйығы» деп таныған деседі.

Осындай тарихы мен табиғаты, кені мен байлығы мол өлкеміздің келешегі жалынды да жарқын, жариялы болмақ. Ұрпағы өсіп Түркі әлемі орталығы болған Ұлытауға өз үлестерімізді қоса берейік.


О квесте

Участники в ходе работы размещают в сети Интернет информацию о своей местности, населенных пунктах, улицах, достопримечательностях районов и городов Карагандинской области.